"Жасыл желекті сандық жүйе арқылы түгендеу және дендрологиялық паспорттау стратегиясын жасақтау". Бүгін қалалық әкімдікте осындай тақарыпта қоғамдық тыңдау өтті. Оған Мәскеу қаласынан келген мамандар, қаланың жанашыр азаматтары, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, мәслихат депуттаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Қазір шаһардың жасыл белдеуін қалыптастыру мақсатында жасыл желекті сандық жүйе арқылы түгендеу маңызды болып тұр. Тал-теректерге цифрландыру жүйесі арқылы төлқұжат беру және дендрологиялық паспорттау стратегиясын жасақтау қажет. Қала әкімінің орынбасары, Жангелді Әубәкіровтың сөзінше, жасыл желек қала аумағында қатаң бақылауға алынуы тиіс. Мәселен, қалада талдар мен көшеттердің саны мен сапасы туралы нақты мәлімет жоқ. Сондай-ақ, қалада дендрологиялық зерттеулер жүргізілмейді. Қоғамдық тыңдауға қатысқан мәскеулік ғалым Екатерина Черняева ақтөбеліктерге осы мәселе бойынша көмектеспек. Жасыл желекті түгендеу, паспорттау қызметін көрсететін "Ульмус" ашық қоғамдық бірлестігінің бас директоры, Павел Воробьевтің айтуынша, Ресейде 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Жасыл желек тізімі" деген бағдарлама бар. Барлық өсіп тұрған талдар, көшеттер, газондар бағалау жүйесіне енгізіледі және мәліметтері арнайы ақпараттық жүйеге тіркеледі. Бұл арнайы бағдарламының ең басты мақсаттарының бірі - жасыл желекті күтіп ұстауға бюджеттен бөлінетін қаражатты желге ұшырмау, сауатты әрі тиімді жұмсау. Талдарды цифрландыру жүйесінің көмегімен түгендеу жұмыстарына ауыл шаруашылығы колледжінің оқушылары және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері жұмылдырылатын болады. "Ақтөбе қаласының жасыл қоры" цифрлық ақпараттық ресурсы базасында жаңадан егілетін жасыл желекке қатысты дендрожоспар жасақталады. Бұл жерде қаланың жасыл қорын сақтап қалу мәселесі қарастырылады. Жобаның іске асырылуы жасыл белдеудің фитосанитарлық қалпын сақтау үшін ғылыми негізге сүйенуге және тал-теректі күтіп ұстауды жетілдіруге көмектеседі. Жоба қаланың жаңа келбетін қалыптастыруға, қала тұрғындары мен жастарды патриоттық және азаматтық ұстанымға тәрбиелеуге ықпал етеді.
Сайт телеканала http://www.rikatv.kz/
Twitter https://twitter.com/rika_kz
Вконтакте https://vk.com/rikatv